Безгелдектің құпия бағыттары: Қазақстанда құстарға GPS-трекер тағу жұмыстары басталды
Порту Университетінің Биоәртүрлілік және генетикалық ресурстарды зерттеу институтының (CIBIO), "Орнитология" Қырғыз биоәртүрлілікті сақтау қауымдастығының, "Қазақстан Республикасындағы В.И. Вернадский атындағы Үкіметтік емес экологиялық қоры" ҚҚ (Вернадский қоры) және "Биоәртүрлілікті зерттеу және сақтау орталығы" ҚҚ (BRCC) зерттеушілер тобы, сондай-ақ тәуелсіз еріктілер Қазақстан ғылымында алғаш рет безгелдекке (Tetrax tetrax) GSM-GPS таратқыштарын тағу (таңбалау) жұмыстарына қатысты.
Бұл жұмысқа сондай-ақ Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Ақмола облыстық аумақтық инспекциясының өкілдері де қатысты.
Безгелдек – Otididae тұқымдасына жататын құс, осы тұқымдастың ең кішкентай өкілі, көлемі тауықтай, негізінен дала биотоптарында (далалы аймақтарда) мекендейді. Безгелдек Қазақстан Республикасының сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарлар түрлерінің тізіміне енгізілген, сондай-ақ ХТҚО (МСОП) Қызыл тізіміне сәйкес «Қауіп төнуге жақын» (Near Threatened, NT) мәртебесіне ие.
Алғашқы екі аталықты Ақмола облысында, Астана қаласынан 60 шақырым жерде таңбалады. Зерттеушілер құстарға арқасында GSM-GPS трекері бекітілген «рюкзак» кигізіп, оларды бірден еркіндікке ұшырып жіберді. Таңбаланған құстар табиғи ортасына аман-есен оралып, қазірдің өзінде өздерінің қозғалысы мен бағыттары туралы мәліметтерді жіберіп жатыр.
Таңбалау түрдің мінез-құлқын, көші-қон жолдарын, қыстау орындарын, сондай-ақ оған төнетін негізгі қауіп-қатерлерді жақсырақ түсінуге мүмкіндік береді.
Вернадский қоры мен BRCC зерттеушілері безгелдектің қоректік базасы мен мінез-құлық аспектілерін тереңірек түсіну мақсатында оның биологиясын зерттеуді жалғастыруды жоспарлап отыр.
Вернадский қорының директоры Ерлан Мақажановтың айтуынша: «Қазақстан бай биологиялық әртүрлілікке ие және бүгінгі таңда оның көптеген аспектілері әлі де аз зерттелген. Бұл биоәртүрлілікті сақтау саласындағы ғылыми зерттеулерді дамытудың үлкен әлеуетін туғызады, бұл бағыт біздің шетелдік әріптестерімізді де қызықтырып отыр»




