Қазақстандағы бүркіттер туралы жаңа ғылыми мақала

Қазақстанда жел энергетикасы қарқынды дамып келеді. Алайда бұл үдеріс елдің биологиялық алуантүрлілігіне қалай әсер етуде? Осы мәселеге арналған жаңа мақаламызбен танысыңыз:
«ҚАРАТАУ ЖӘНЕ ШУ-ІЛЕ ТАУЛАРЫНДАҒЫ (ҚАЗАҚСТАН) БҮРКІТ ЖӘНЕ ОНЫҢ ПОПУЛЯЦИЯСЫНА ДАМЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН ЖЕЛ ЭНЕРГЕТИКАСЫ ТӨНДІРЕТІН ҚАУІПТЕРДІ БАҒАЛАУ».
Мақалада жел энергетикасының белсенді дамуына байланысты Қазақстандағы бүркіт (Aquila chrysaetos) популяциясына қауіп төніп тұрғаны қарастырылады. Қазақстанның Қызыл кітабына енген бүркіт жел электр станцияларының (ЖЭС) құрылысына байланысты жел қондырғыларымен соқтығысудан және тіршілік ету ортасының жоғалуынан қаза табу қаупіне тап болады.

Қазақстанда жел энергетикасы, әсіресе бүркіттердің ұя салатын маңызды аймақтары болып табылатын Қаратау және Шу-Іле тауларында белсенді түрде дамып келеді. Мақала авторлары осы өңірлердегі бүркіт популяциясын бағалау, жұмыс істеп тұрған және жоспарланған жел электр станцияларының әсерін талдау және келеңсіз зардаптарды азайту шараларын әзірлеу мақсатында зерттеулер жүргізді.
Зерттеуге бүркіттердің таралуын модельдеу, популяцияны бағалау, ұя салатын жерлерді бақылау және құстардың өлу себептерін талдау кіреді. Турбиналармен соқтығысуы нәтижесінде бүркіттің қаза болу жағдайлары, сондай-ақ ЖЭС маңындағы құстардың санының азаюы анықталды.
Бүркіттерге теріс әсерді азайту үшін негізгі ұсыныстар:
• Кеңістікті жоспарлау: бүркіттердің ұя салатын жерлеріне, қоныс аудару жолдарына және шоғырланған жерлеріне жақын жерде, әсіресе орографиялық биіктікте ЖЭС салудан аулақ болу.
• Аралық (буферлік) аймақтар: алаңдаушылық пен соқтығыс қаупін азайту үшін бүркіт ұяларының айналасында қорғаныс аймақтарын құру. Авторлар ұялардың айналасында 3 деңгейлі аралық аймақтарды (4, 5, 9,6 және 12,8 км) ұсынады.
• Әсер етуді бағалау: ЖЭС жоспарлау мен салудың барлық кезеңдерінде бүркіттерге төнетін қауіптерді ескере отырып, қоршаған ортаға әсерді мұқият бағалауды (ҚОӘБ) жүргізу.
• Мониторинг және залалды азайту: Бүркіттердің қозғалысын бақылау үшін мониторинг жүйелерін енгізу және өлім-жітімді азайту шараларын әзірлеу, соның ішінде турбиналарды уақытша тоқтату мүмкіндігін қарастыру.
• Өтемақы шаралары: Келтірілген зиянды өтеу үшін бүркіт популяциясы мен олардың мекендейтін жерлерін қалпына келтіру бойынша шараларды жүзеге асыру.
Авторлар биологиялық алуантүрлілікті сақтау қажеттілігін ескеретін және бүркіттерге теріс әсерді барынша азайтатын жел энергетикасын дамытудың кешенді тәсілінің маңыздылығын атап көрсетеді. Мақала орыс және ағылшын тілдерінде жарияланған.

Leave a Comment